12Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

АРҒЫ БАБАЛАРДЫҢ ЖАЗУ МӘДЕНИЕТІ

Сейсенбі, 25 Қараша 2014 22:22

Ұлттың, мемлекеттің төл атрибуттарының бірі оның тіл-жазуы. Біздің елдігіміздің түпкі бастауларының бірі болып табылатын байырғы ғұндардың жазуы болған, болмағаны туралы тарихшылар арасында көптен пікірсайыс жүріліп келеді. Қытайдың «Хан кітабында» олар туралы айтылған «жазу-сызуы жоқ, сөз байласып, тілге тоқтайды» деген бір сөйлем сөзге бола, тарихшылар олардың жазуы болмаған деп есептейді.

Дегенмен, б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырлар кезінде дүниежүзінің санаулы ғана елдерінде ғана жазу болған. Осы кезде Цинь Шихуан Қытайдың иероглифтік жүйесін бір ортақ өлшемге келтірген. Аталған дәуірге тән қытай деректері ғұндарда жазу болмаған дей отырып, Ғұн тәңірқұты мен Хан патшасы Вэндидің бір-бірімен хат алысқанын жазады. Мына қарама-қайшылыққа қараңыз! Деректе: Хан патшалығының Тәңірқұтқа жіберетін хаттары 1 қарыс, 1 сүйем ұзындықтағы тақтайшаға жазылатын. Ол хаттар «Патша Ғұнның ұлы Тәңірқұтына есендік тілейді!» деп басталып, одан соң жіберілетін сәлемдеме, сыйлықтар, айтпақшы бұйымтайы, т.б. жазылатын. Чжун Ғанюэ (Ғұн ордасын паналаған шығыс ғу): Тәңірқұтқа Хан патшалығына жіберілетін жолдамаңыз 1 қарыс, 2 сүйем ұзындықтағы тақтайшаға жазылсын, басылатын мөрі мен қойылған қолы да олардыкінен үлкен болсын. Хатты «Көк пен жерден жаралған , Күн мен Айдың еркімен болған Ғұнның ұлы Тәңірқұты патшаға есендік тіллейді» деген өктем сөздермен бастап, сосын жіберілетін тарту, айтар бұйымтай, тағы басқа жайлар жазылсын деп кеңес береді,- делінеді. Сол «Хан кітабына» негізделгенде, Ғұн тәңірқұты мен Хан патшасы арасындағы мұндай хат-қатынас әлде неше мәрте болған. Ендеше, бұл жағдай ғұндардың да төл жазу мәдениеті болғанын растамай ма? Кейбір тарихшылар бұл хаттар Ғұн сарайына берілген ұлты қытай оқымыстылар тарапынан жазылған болуы мүмкін деп есептейді. Ғұндарда жазу бар дегенге қимайды. Бірақ, тарихи деректер Ғұн Тәңірқұтының батыстағы Үйсін тектес елдерге де хат жіберіп отырғанын, ғұн елшілері Тәңірқұттың хатын алып келсе болғаны, олар еш нәрседен тарықтырмай, айтқанын орындап, азық-түлікпен қамдап отырғанын тілге тиек етеді. Мұндайда Тәңірқұттың қытай тілін білмейтін бұл елдерге жіберген хаты қай тілде жазылған болуы мүмкін деген сұрақ туады. Кейінгі кезде монғол ғалымдарыы Ц. Доржсүрэн мен А. Дамдинцүрэн ғұндардың төл жазуы болған деген пікірді алға тартты. Ц.Доржсүрэннің 1961 жылы жарық көрген «Солтүстік ғұндар»( Умарт хүннү) атты еңбегінде жариялаған 14 ғұн алфавиті түгелдей Абакан, Дархан, Керулен секілді жерлердегі ғұн молаларынан табылған форфор бұйымдардың бүйіріне және түбіне жазылған жазулар болса, А. Дамдинсүрэннің зерттегені Ішкі Монғолиядағы Рэхэ, Чэндэ қатарлы жерлерден табылған пышақ, манеталарға жазылған таңбалар еді. VII ғасырда жазылған «Чжоу кітабында» кейінгі кездегі түріктер туралы айта келіп, «олардың қағаны Өтүкен тауында тұрады. Оның ордасының есігі шығысқа қараған. Бұл күннің шығуына жасалған құрмет... Олардың жазуы ғулардікіне ұқсайды» дейді. Қытай дерегіндегі «ғу» ғұндарды білдіреді, ендеше, «түріктердің жазуы ғуларға ұқсаса», бұл өз кезінде ғұндарда да жазу болғанын әрі бұл жазудың руникалық жазу екенін растайды. Қазақ ғалымы Қ.Сартқожаұлы өзінің «Байырғы түрік жазуының генезисі» атты еңбегінде көптеген шетел ғалымдарының пікірлері мен жазба деректерді салыстыра отырып, ғұндардың төл жазуы болған деген қорытындыға келді.
Бұдан шығатын қорытынды: Б.д.д. IV ғасырдан , б.д.V ғасырына дейін әлемдік тарих сахнасында ерекше із қалдырған ғұндардың төл жазуы болған. Тәңірқұттың хаттары, тіпті, қытай тілінде жазылды деген күннің өзінде де, бұл жағдай ғұндардың өркениетті қоғамға тән жазу мәдениетін қабылдағанын көрсетеді. Қытай жазуы Хан патшалығы кезінен бастап Жапонияда, Кореяда тарала бастады. Тарихи деректер түріктердің де көне хат-қатынаста, немесе кейбір діни құжаттарда, келісім-март мәтіндерінде қытай иероглифтерін сөз арасында аудармасыз аралас қолданғанын дәлелдейді. Бұл этностың қытайлануы емес, қайта қытай мәдениетінің озық үлгілерін қабылдауы деп түсінген жөн. Оның үстіне, қытай тілі сол кезде қазіргі ағылшын тілі секілді табиғи жолмен Қытай аумағынан шығып, Шығыс Азиядағы халықаралық қатынас тіліне айналған болатын. Сондықтан, б.з.д. ІІ ғасырда Қытаймен және ортаазиялық елдермен хат арқылы байланысқа шыға білген ғұндарды жазу-сызусыз болған деуге ешқандай негіз жоқ.
Ғұндардың жазу мәдениеті кейін келе көне түркілерге ұласты. Түркілердің тіл-жазуы, дәстүрі, заңы мен әскери жүйесі, мемлекет басқаруы түгелдей ғұндардан келген. Тіпті, қытай деректері түріктерді көп жағдайда «ғу», немесе «ғұн» деп атап отырған. «Чжоу кітабында»: «түріктер-ғұндардың бір тармағы. Билеуші тайпасы-Ашына. Олар өз алдына ұлыс құрды» делінеді. Қытайдан табылған Шығыс Түрік санғұны Ашына Чжун құлпытасында оның арғы атасы сяхудың әулеті, Ашына тайпасы ертедегі Ся тайпасының бір бұтағы делінсе, император қабір кешеніндегі келесі бір түрік санғұны Ашына Сымаға орнатылған құлпытаста да оның руы Шұғайқұзын жайлаған Ашына тайпасынан, оның мәртебелі арғы тегі ғұндардың сюнвэй әулетінен, өсіп-өнген әулеті тұп-тура ғұндардың Мөде тәңріқұтына тірейді дейді. Бұған қарағанда Ашына тайпасы ғұн тәңірқұттарының әулетінен келе жатқан, «қаракөктің тұқымы» болып шығады. Сондықтан Таң императорының: «қазіргі қаған ерте заманның тәңірқұты ғой» деуі тектен текке айтылмаған.

Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ

2113 рет қаралды

Пікір жазу