"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЭКСПО-2017: ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕЛЕГАТТАРЫ ЭТНОАУЫЛДЫ АРАЛАДЫ

Жұма, 23 Маусым 2017 14:21

 

«ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Астана қаласында өтіп жатқан Ақмола облысының күндері «Қазанат» атшабарында орналасқан этноауылда жалғасын тапты. Мұнда облыстың ең үздік шығармашылық ұжымдары «Дала сыры» концертін өткізді. Ал, cәндік-қолданбалы өнер шеберлері қазақ халқының салт-дәстүрінен сыр шертетін ұлттық бұйымдардың көрмесін ұйымдастырды.

Этноауылды Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин жəне Дүниежүзі қазақтары құрылтайының делегаттары аралап көрді. Делегаттар мен Астана қаласының тұрғындары және қонақтары мәдени бағдарламаға толы шараны тамашалады.

 

 

Имидждік жобаның басты ерекшелігі, қолөнер бұйымдарының жасалу процесін бастан-аяқ көруге болады. Ақшаңқай киіз үйлер, алтыбақан, қыз қуу, асық ату, саятшылық, ұлттық қолөнерді дәріптеген шеберлер – мұның барлығы көшпенділер өркениетін көз алдыңызға елестетеді. Аңыздан ақиқатқа қадам басып, өткен жүзжылдықтардың оқиғасын бастан өткеруге де мүмкіндік бар. Ол үшін ЕХРО аясында этноауылға саяхат жасауды ұсынамыз. Кешен «Қазанат» ипподромының 2 500 шаршы метр аумағын алып жатыр. Әрі әртүрлі бағыттағы бірнеше сектордан тұрады. Солардың бірінде шеберлер орналасқан. Келген қонақтар күміс, ағаш, керамика, киізден жасалған өнер туындыларын тамашалаумен қатар, оларды дайындау тәсілімен де танысады.

  

 

Әнел Әлібай, шебер: - Әртүрлі техникада жұмыс істеймін. Сулы, құрғақ немесе нонакиіз техникасы бар. Ол – жібек матасымен киізді бірге басу техникасы. Картинаны қазір сулы техникада жасап жатырмын. Кепкеннен кейін кейбір жерлеріне құрғақ техника қосамын.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары: - Өздеріңіз көріп отырған киіз үйлердің ішінде өзіміздің тамаша еліміздің аудандарынан келген қолөнершілер, музыканттар, ұлттық аспаптарда ойнайтын және сол ұлттық аспаптарды жасайтын қолөнершілердің қатысуымен әр апта сайын ауыстырылып отыратын, аудандардан келетін қолөнершілер өздерінің өнерлерін көрсетеді. Сонымен қатар «Қазақ музыкалық және театр өнерінің фестивалі», «Аңшылықтың дәстүрлі түрлері», «Ұлттық асхана орталығы» және «Ұлттық ойындар» секторы бар. Соңғысы бойынша 20 шақты халықаралық жарыс ұйымдастырылмақ.

Елсияр Қанағатов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің комитет төрағасы: - 11 маусым күні бұл жерде Елбасымыздың жүлдесіне арналған ЕХРО кубогы атты бәйге жарыстар өтеді. Соның ішінде аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс, ұшқыр бәйгелер болады. Соның алдында осы ұлттық спорт түрлерінің көрсетілімдері болады. Жамбы ату, теңге алу, аударыспақ, басқа да ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер көрсетеміз. Этноауылдың басты мақсаты – қазіргі заманғы Қазақстанның мәдени әртүрлілігін көрсету. Тағылымы мол тарихы мен салт-дәстүрлерінен қол үзбегендігін, керісінше, тамыры терең ұлттық құндылық өркендеудің берік діңгегіне айналғандығын ғаламшарға паш ету.

 

www.khabar.kz

453 рет қаралды
Осы категориядағы басқа материалдар: « ЭКСПО-2017 БОЛАШАҚҚА САЯХАТҚА ЖАСАУМЕН ТЕҢ

Пікір жазу