27Қыркүйек2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

«АНАҒА АПАРАР ЖОЛ» ФИЛЬМІ БҰЛ ЖОЛЫ ДА ЖҮЛДЕЛІ

Сейсенбі, 05 Қыркүйек 2017 07:42

 

«Анаға апарар жол» фильмі үстіміздегі жылы тамыздың 23-і мен 27-і аралығында Хорватияда өткен Халықаралық «Марко Поло» кинофестивалінде «Үздік көркем фильм» жүлдесін алды. Сонымен қатар аталған кинотуынды «Ең үздік сценарий» және «Көрермендер көзайымы» жүлделерімен марапатталды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Новый мир» ЖШС-сімен бірлесе түсірілген «Анаға апарар жол» фильмі өмірдің ауыртпалығына төтеп берген, қиын қыстау күндері сұрапыл соғыстың мехнатын көрген басты кейіпкердің тағдырын баяндайды. Картинаның режиссері – Ақан Сатаев.

Халықаралық «Марко Поло» кинофестивалі жыл сайын Хорватия Президенті патронатымен, әлемге әйгілі саяхатшы Марко Поло дүниеге келген Корчула қаласында өткізіледі. Естеріңізге сала кетсек, XIII ғасырда Марко Поло Жібек жолы арқылы Шығыс Түркістанға дейін барған. Фестивальдің «Жібек жолы – диалогқа апарар жол» ұраны Азия мен Еуропа елдері арасындағы мәдени-тарихи байланыстардың маңыздылығын көрсетеді.

Биыл фестивальге Әзірбайжан, Болгария, Үндістан, Индонезия, Иран, Қазақстан, Корея, Түркия, Хорватия және басқа да елдерден келген фильмдер қатысты. Қазақстандық делегация құрамында  «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлдерді сомдаған актерлер Әділ Ахметв, Алтынай Нөгербек, картинаның продюсері Жарасхан Күлпиенов, сондай-ақ, Хорватиядағы ҚР елшілігінің қызметкерлері болды.

– Біздің фильмді хорваттықтар жылы қабылдады, көрсетілім барысында көзіне жас алғандар да болды. Фильм соңында алғысын айтып, жылы лебіздерін де жеткізді. Картинаның түсіру тобын кезекті жеңістерімен құттықтаймын, – деді актриса Алтынай Нөгербек.
Естеріңізге сала кетсек, аталған тарихи туынды 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және «Еуразиялық көпір» атты фестивальге қатысып, Бас жүлдені, сонымен қатар актриса Алтынай Нөгербек «Үздік әйел адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті. Одан бөлек, бұл туынды биыл Қазақстан киносыншылар ассоциациясы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» жүлдесінде үш бірдей жүлдені иемденді.

Атап айтсақ, «Ең үздік актриса» – Алтынай Нөгербек; «Екінші пландағы үздік актриса» Аружан Жазылбекова; «Фильмге жазылған үздік музыка» номинациясын аталмыш фильмнің композиторлары Әлім Заиров пен Роман Вишневский иемденді. Одан бөлек, кинотуынды жақында ғана Бішкекте өткен «Ақ ілбіріс» атты VI Ұлттық киножүлдесінде Орталық Азияның үздік фильмі атанды. Ал 2017 жылы маусым айында Нью-Йоркте өткен 5-ші еуразиялық кинофестивальде тарихи кинотуынды «Үздік көркем фильм» жүлдесін алды. Сонымен қатар, фильмнің Бас продюсері Әлия Назарбаева «Кино әлеміндегі еуразиялық әйелдер» жүлдесімен, ал картинада ана рөлін сомдаған актриса Алтынай Нөгербек «Үздік актриса» жүлдесімен марапатталған.

172 рет қаралды
Осы категориядағы басқа материалдар: « АСТАНАДАҒЫ ЭТНОАУЫЛДА СҮГІРДІҢ КҮЙЛЕРІ ОРЫНДАЛАДЫ

Пікір жазу