14Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АҚЫЛМАНДАР КЕҢЕСІМЕН ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Жұма, 18 Қыркүйек 2015 11:05

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақылмандар кеңесінің мүшелерімен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Кездесуге шет елдердің көрнекті мемлекет қайраткерлері мен Нобель сыйлығының лауреаттары - Израильдің бұрынғы президенті Ш.Перес, Польшаның бұрынғы президенті Л.Валенса, Колумбияның бұрынғы президенті С.Трухильо, Испанияның бұрынғы премьер-министрі  Х.Сапатеро, МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры  М.Аль-Барадеи және басқалар қатысты. Кездесуге қатысушылар әлемдік саясаттағы, экономика мен халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуалды талқылады. Осы орайда еліміздің сыртқы саясатқа қатысты бастамалары мен халықаралық қоғамдастықтың әлемдегі түрлі қақтығыстарды шешу үшін күш жұмылдыруы барысындағы рөлі жөнінде мәселе қозғалды. Сонымен қатар кездесуде Қазақстанның қалыптасқан экономикалық жағдайда орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін қабылдап жатқан шараларына айрықша назар аударылды. Қазақстан Президенті еліміздің Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері туралы айтты. «Жолымызды бастаған тұста біз күн көру үшін күрестік, өйткені Қазақстанның болашағы мен мүмкіндіктеріне қатысты болжамдар жағымсыз болатын. Мұндай перспектива бізге ұнамады, сондықтан батыл әрекет жасауға кірістік. Елеулі қиындықтың бірі социалистік экономиканы нарық жолына түсіру еді. Үш жылда жекешелендіру жүргізілді, Орталық Азия бойынша ең ауқымды инвестиция тартылды. Қазақстан бүгінде бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына, сондай-ақ өте мол көлемде инвестиция тартылған мемлекеттердің жиырмалығына кіреді», - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік шикізат нарығындағы бағаның тұрақсыздығына байланысты Қазақстанда индустрияландыру саясаты жүзеге асырылып жатқанына, соның арқасында соңғы жылдары жүздеген жаңа кәсіпорын салынғанына назар аударды. Мемлекет басшысы қазіргі уақытта елде индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығы іске асырылып жатқанын, оның басты мақсаттарының бірі экономиканың шикізат ресурстарына тәуелділігін жоспарлы түрде азайту екенін айтты. Қазақстан Президенті еліміз көлік-логистика әлеуеті мен инфрақұрылым құрылысын дамытуға бағдар ұстағанына тоқталды. Бұл орайдағы жұмсалған күш-жігер бағыттарды әртараптандырып, өзге елдермен тауар айналымы көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы сондай-ақ Ұлттық қор сияқты «қауіпсіздік құралы» Қазақстанға белгіленген жоспарларын жүзеге асырып, әлеуметтік міндеттемелерін орындауды жалғастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев елде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығына, соның арқасында бүгінде қазақстандықтар болашаққа нық сеніммен қарайтынына назар аударды.

989 рет қаралды

Пікір жазу