15Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

БЕРІК ӘБДІҒАЛИ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ТІЗІМІН ЖАСАУДЫ ҰСЫНДЫ

Сейсенбі, 30 Мамыр 2017 13:13

 

Sarap Time сарапшылар клубының «Тарихи сана және қоғамның рухани қауіпсіздігі» тақырыбындағы отырысында «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы ашаршылық құрбандарының тізімін жасауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні дегенімізбен кеңестік кезеңде түрлі жағдайда құрбан болғандардың барлығын еске аламыз. Атылғаны бар, репрессияға ұшырағаны бар, ашаршылықта құрбан болғандары бар. Сондықтан бұл күні аза тұту күні, еске алу күні саналады. Өздеріңіз де білесіздер, кеңестік заманда бірнеше саясат жүргізілді. Соның барлығында да бұрынғы тарихыңды ұмыттыру саясаты бар еді. Ұмытып та кеттік. Соңғы жылдары ашаршылықты да, қуғын-сүргінді де естен шығардық. Яғни мәңгүрттендіру, өз тарихын ұмыттыру жүргізілді», - деді ол.  Оның атап өтуінше, Тәуелсіздік алғаннан кейін ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға бағытталған үкіметтік деңгейдегі шаралар қолға алынып, түрлі шаралар ұымдастырылды, арнайы кітаптар жарыққа шығарылды. «Бірақ әлі де тарихи сана толыққанды қалыптаспаған сияқты. Әсіресе, ашаршылыққа байланысты анық байқалады. Өйткені, ұлт сол ашаршылықтың қайғы-қасіретін қанша айтсақ та әлі сезінбейтін секілді. Мәселен, бүгінгі украиндықтар ашаршылық жылдарында құрбан болғандардың тізімін жасады. Ал біз шежіремізді, ата-бабаларымызды білгенімізбен әлі де отбасымыздан, әулетімізден кім ашаршылықта құрбан болғандығын білмейміз. Көпшілігіміз білуге құлшынып та жүрген жоқпыз. Өкінішке орай әртүрлі статистикалармен ойын сияқты. Бір жерде 1,5  млн, бір жерде 2,5 млн, тағы бір жерде 4 млн дейді. Оның қаза болғаны, көшіп кеткені бар дегенмен ұлтымыздың жартысы қырылды дейміз. Бірақ, ғылыми түрде зерттеп, тізімін жасап барып әрбірінің есімін анықтауымыз керек. Мәселен, АЛЖИР музейінде құрбан болғандардың  аты-жөндері қара тасқа жазылған.  Сол сияқты әрбір өңірде, әрбір ауылда құрбан болғандардың тізімін жасау  қажет», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

409 рет қаралды

Пікір жазу