17Қараша2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЛАТЫНҒА КӨШУ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ІРГЕТАСЫ БОЛУЫ КЕРЕК- М. ҚҰЛ-МҰХАММЕД

Сәрсенбі, 13 Қыркүйек 2017 17:46

 

Латынға әліпбиіне көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы деп білемін. Бүгін Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті.

Кеңесте мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшу мәселесі және жаңа қазақ алфавитінің бірыңғай стандарттары талқыланды.

«Ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселені он ойланып, жүз толғанып, өзіне ғана тән дархан даналықпен кемел шешім қабылдайтын Елбасымыз латын алфавитіне көшуге келгенде тағы да кемеңгерлік танытты. Бұл тек әліпби ауыстыру емес, бар қазақтың бойына ана сүті, әке тәрбиесімен даритын қазақ тілін заманаға сай жаңғыртудың кешенді жүйесін, дұрыс сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру деп білемін. Ендеше латынға көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы деп білемін»,  - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу арқылы ұлтымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш мәселе шешімін табады.

«Біріншіден, ағылшын алфавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да жасамыстарымыздың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді. Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады. Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады»,  - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. Сондай-ақ, кириллицада жасалған бар әдеби құндылық түгелдей компьютерлік нұсқаға көшіріледі. «Сондықтан латынға көшу арқылы рухани байлығымыз цифрлық технология тілінде одан әрі өркен жаяды. Осыны халыққа түсіндірудің көш басында зиялы қауым өкілдері болуға тиіс», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Айта кетерлігі, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының бұл отырысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев, еліміздегі жетекші саяси партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, Мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуі жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, лингвист-ғалымдар, тіл білімінің мамандары, тарихшылар, түркітанушылар және тағы басқа сарапшы мамандар қатысты.

244 рет қаралды

Пікір жазу