13Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ҚР МЕН РФ АВТОЖОЛДАРДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮҒА КІРІСПЕК

Бейсенбі, 23 Қараша 2017 09:32

 

2017 жылғы қарашаның 22-23-і  күндері Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен-Шемонайха-РФ шекарасы» А-10 автожолының 118-123-ші учаскесінде «Төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және жүзеге асыру» тақырыбында бірлескен Қазақстан-Ресей оқу-жаттығулары өтуде.

Бүгін оқу-жаттығудың теориялық бөлімі болды. «Алтай» Шығыс Қазақстан өңірлік паркінде екі ел жол қызметінің қыс кезінде автомобиль жолдарындағы өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.  Сондай-ақ, автожолдарды салған кезде және жөндеуден өткізгенде қолданылатын технологиялар мен күтіп ұстау ерекшеліктері те талқыға түсті. 

 

 

Іс-шараға ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Автомобиль жолдары комитеті, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Росавтодор» Федералды жол агенттігі, «Казахавтодор» ЖШС, ҚР ІІМ ШҚО бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің, ШҚО ІІД мен Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс істері жөніндегі министрліктің Алтай өлкесі бойынша табиғи апаттардың салдарын жою жөніндегі Бас басқармасының, «Алтайуправтодор» федералдық мемлекеттік мекемесі мен тағы басқа да осы салаға қатысты мекемелердің өкілдері қатысып, ұсыныстарын ортаға салды.

Оқу-жаттығуға қатысушылар алдында ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитетінің ьөрағасы Мереке Пішембаев, РФ Федералды жол агенттігінің басшысы Роман Старовойт, ШҚО әкімінің орынбасары Серік Ақтанов сөз сөйледі.

«Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы шекараның жалпы ұзақтығы 7,5 мың шақырым. Бүгінгі таңда шекарада 30 шекаралық бекет бар. Оның 19-ы республикалық, 11-і жергілікті жолдарда. Республикалық маңызы бар автожолдарда 2-ден 8 жолақтыға дейін ауысатын 5 бақылау-өткізу бекеті күрделі жөндеуден өтті. 4 өткізу бекетінде жұмыстар жүріп жатыр. Қалған 10 өткізу бекетінің жобалық-сметалық құжатамасы әзірленуде. Бұл жобалар 2018-2019 жылдары іске асырылады»,-деді Мереке Пішембаев.

Жалпы, отырыс спикерлері ауыр жүк және жолаушылар тасымалдайтын автокөлік құралдарының, жеңіл автокөліктердің қатысуымен қалың қар жауған кезде немесе қатты желдің салдарынан және басқа да жол-көлік оқиғаларына себеп болатын түрлі жағдайлардың алдын алу мәселелері қамтылған табиғи және техникалық төтенше жағдайларды жою мен ескерту жөнінде кешенді іс-шаралар өткізудің маңыздылығын атап өтті.

««Қазахавтодор» ЖШС республикалық маңызы бар 23 928 шақырым автожолдың 21 847 шақырымына қызмет көрсетеді. Қалған жол желілері қайта қалпына келтіріліп (1 601 км), 269 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде. Өткен жылдың талдауы негізінде 23,8 мың шақырым жолдың 3,4 мың шақырымы қар қалың түсетін учаске ретінде белгіленді. Ол жерге арнайы жол техникасы бекітілген. Барлық автожол желілерінде 139 жылыту бекеті бар. Республикалық маңызы бар автожолдардың бойында қар тоқтату үшін тұрақты 37,800 қалқа,  30 500 уақытша қардан қорғау қалқалары орнатылды»,-деді “Казахавтодор” ЖШС бас директорының орынбасары Бауыржан Серікбаев.

Ертең жоғарыда аталған автожол учаскесінде оқу-жаттығудың тәжірибелік бөлімі болады. Онда автожол қызметінің, ТЖМ қызметінің, ІІМ-нің, алғашқы медициналық көмек көрсететін қызмет пен басқа да қажетті қызметтердің қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары көрсетілетін болады.

173 рет қаралды

Пікір жазу