"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

МІНДЕТТІ ТІРКЕУ ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ ОЛ ҮШІН ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР КЕРЕК?

Жұма, 06 Қаңтар 2017 17:10

 

2016 жылдың 22 желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Ол бойынша, Қазақстанның өзге қаласына бір айдан ұзақ уақытқа тұру үшін барған кез келген қазақстандық міндетті түрде сол жерде тіркелуі керек. Сонымен қатар, үй немесе пәтерді жалға беретін адамдар да ондағы азаматтарды тіркеуі тиіс.

Жаңа заң Ақтөбе мен Алматыда болған террорлық актілерден кейін қолға алынды. Ол азаматтардың қауіпсіздігін нығайтуды мақсат етеді, әрбір Қазақстан азаматының қай жерде тұрып жатқанын анықтауға мүмкіндік береді.

Жаңа заңның негізгі нормаларын Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полиция­сы департаменті басшысының орынбасары Галина Сәрсенова түсіндірді. 

Оның айтуынша, тұрған жері бойынша тіркелу адамдардың еркін жүріп-тұруына кедергі жасамайды, ол - әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Уақытша тұратын жерде тіркелу Қазақстанда бұған дейін де талап етілетін. Тек ол бұрын Үкімет қаулысында көрсетілген болса, енді заңдық тұрғыда бекітілді. Ал тіркеусіз тұру мерзімі 3 айдан 1 айға қысқарды.

 

Қандай құжаттар керек?

 

Тіркелуге бұрын 8 түрлі құжат және екі тәулік уақыт қажет болса, енді ол шаруа айтарлықтай жеңілдеді - бар болғаны 4-5 құжат және 10-20 минут қана керек. Алайда, тіркелуші өзі болуы міндетті. Тіркелу үшін бүгінгі күні мынадай құжаттар талап етіледі:

Үй иесінің келісімі;
Үй иесінің жеке куәлігі;
Тіркелушінің жеке куәлігі;
Тіркелу үшін 227 теңге төлегені туралы түбіртек.
Сонымен қатар, тіркелетін үй иесінің өзі немесе нотариус куәландырған сенімхаты қажет. Жаңа мәліметтер жеке куәліктің чипіне енгізіледі және бірден жеке тұлғалардың мемлекеттік мәліметтер базасына түседі.

Тіркелушінің және үй иесінің элек­тронды цифрлы қолы болған жағ­дайда ол арқылы азаматты электронды үкімет порталында тіркеуге болады.

Басқа қалаға ұзақ уақытқа емделуге немесе, ауруханаға жату үшін барған азаматтар да сол жерде тіркелуі тиіс. Ал басқа қалада жұмыс істейтін, бірақ қонақүйде тұратын адамдар қонақүйде тіркелуіне болады. Нақты тұрғылықты орны бойынша тіркелуге мүмкіндік болмаған жағдайда, жұмыс орны немесе оқу орны бойынша тіркелген жөн.

 

Бір пәтерде қанша адамды тіркеуге қоюға болады?

Санитарлық талаптар бойынша, пәтерде әр тіркелушінің кемінде 15 шаршы метр тұрғын жері болуы керек. Әзірге бұл норма Алматыда енгізілген. Болашақта елдің барлық аймақтарында осындай талаптар қабылданатын болады. Тіркелген әр адамға пәтерден қаншалық тұрғын орын берілу керектігі әр аймақта әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Алматыда 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде төрт адамнан артық тіркеуге алуға болмайды.

«Сыбайластық - маңызды мәселе. Біздің қатарымызда қолы таза емес адамдар болуы мүмкін. Бірақ қайта-қайта пара бергенше, бір рет 200 теңге төлеп тіркелген тиімді. Немесе сыбайластыққа жол бермеу үшін үйде Интернет арқылы тіркелуге болады», деді Галина Сəрсенова. Ол үшін жоғарыда айтылған электронды цифрлық қол қажет.

Айыппұлдар қандай?

Енді заң талаптары бұзылған жағдайда салынатын айыппұлдар туралы. Уақытша тұрып жатқан жерінде бір айдан аса уақыт тіркеусіз тұрғаны үшін 7 АЕК, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады. Екінші тексеру кезінде заң бұзушылық анықталса, айыппұл 13 АЕК, яғни 29 500 теңге болады.

Пәтершілерді тіркеуге қоймаған пәтер иелері 10 АЕК, яғни 22 600 теңге айыппұл төлейді. Олар жеке тұлға емес, шағын кәсіпкерлік фирмасы болса, айыппұл көлемі 15 АЕК-ті немесе 34 000 теңгені, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері болса - 50 АЕК көрсеткішін, яғни 113 500 теңгені құрайды.

Заң 7 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бірақ, айыппұл салу әлі де көптеген құ­жат­тардың қа­был­дануын талап етеді. Сон­дықтан уақыт­ша тір­кеусіз азамат­тарды анық­тау ісі 2017 жылдың 1 ақпа­нында, ал айыппұл салу 7 ақпанда бас­талады.

Бұрынғы талап бойынша ішкі миграциямен жүргендер республикамыздың бір аума­ғын­дағы тұрақты мекеніне ғана тіркеліп, басқа жерде қанша жүрсе де тіркеуге тұ­руы міндеттелмейтін. Енді сондайлардың бәрі барған жеріне 30 күннен артық тұрса, жалдаған пәтеріне тіркелуге міндетті болды. Заң жобасы туралы Парламентте баяндаған мамандар көптеген елдерде мұндай тәртіптің бұрыннан бар екендігін көлденең тарта отырып, осындай тәртіп экстремист немесе террорист болуы мүмкін деген күдіктілер елді мекеннің қай қаланың қай жерінде жүргенін анықтауға мүмкіндік беретінін алға тартты. Мұның бәрі өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқан шара екенін ұмытпағанымыз жөн.

Көші-қон туралы заңға енгізілген өзгерістер мен то­лық­тырулар жалғыз бұл емес. Осы заңның 7-бабының 6-1-тармақшасына енгізіліп, ол Қазақ­станда тыйым салынған ұйым­дардың мүшелеріне елі­мізде тұрақты тұруға бол­май­тынын белгіледі. Сон­дай-ақ, бұрын Қазақстан азаматтығынан шығарылған адамдардың да республикамызда тұрақты тұру жолы ке­сілді. Бұл осы баптың 8-тар­мағында көрсетілді. Ал 9-бап­тың 6-1-тармақшасына енгі­зілген өзгеріске сәйкес, ішкі істер органдарына Қа­зақ­стан аумағынан шығарылу туралы сот шешімі шыққан имми­гранттардың кетуін бақылауға алу міндеті жүктелді.

Қазақстанға үстіміздегі жылы болатын ЭКСПО-2017 көрмесіне келіп, бір айдан артық тұратын шетелдік азаматтар да тіркеуге тұра ма деген заңды сұрақ туады. Бұл норма аталған заңның 8-бабына енгізілген 7-1-тармақшасында айтылып, ондайларды тіркеу тәртібін анықтау Үкіметтің құзыретіне берілетіні көрсетілген.

Жергілікті атқару органдары еңбек мигранттарын тіркеу мен есепке алу жұмыстарын ұлттық қауіпсіздік органдарын құлағдар ету арқылы ғана іске асырады деген жаңа норма да осы өзгерістердің арасынан орын алған (15-бап, 5-тармақ). Сондай-ақ, осы баптың жаңадан енгізілген 13-1-тармақшасына сәйкес, енді жергілікті атқару органдары бизнес-иммигранттардың Қазақстанда тұру мерзімін ҰҚК-мен келісіп қана ұзарта алатын болды. Ал 48-бапқа енгізілген 12-тармаққа сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтығынан бұрын шығарылған иммигранттар еліміздің аумағына тек 5 жылдан кейін ғана кіре алатын болды.

Сонымен қатар, 49-бап­қа жаңадан енгізілген 14-1-тармақша бұрын көші-қон, салық салу, еңбек заң­ды­лық­тарының әрқайсысын бұзып, әкімшілік жаза тартқан және ұлттық қауіпсіздікке қатер төн­дірген иммигранттардың бұ­дан былай Қазақстанда тұрақ­ты тұруына рұқсат бермеуге негіз болады.

Міне, «Көші-қон туралы» Заңға енгізілген негізгі өзгерістер осындай.

845 рет қаралды

Пікір жазу