"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ӘЛЕМДІК БАҚ EXPO-2017 КӨРМЕСІ ЖАЙЫНДА...

Жұма, 23 Маусым 2017 10:15

 

Еліміз үшін 2017 жылдың басты оқиғасы – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің шымылдығы ашылғанына да көп уақыт бола қойған жоқ.

Дегенмен екі апта көлемінде көрмеге 205 мыңнан астам қонақ келіп үлгерді. Жалпы Орталық Азияда тұңғыш рет өткізіліп отырған шараға әлем көз тігіп отыр. Бүгінде Астанадағы көрме жайында бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Әр ел өз павильоны туралы мәлімет келтірсе, кей баспасөз аз уақытта бой көтерген көркем нысандарды тілге тиек етуде. Жас Қазақ газеті солардың кейбірін көптің назарына ұсынған екен.

Америка, Forbes: Қазақстан әлемдік аренаға тағы бір қадам жасады

Forbes журналы елімізде өтіп жатқан халықаралық көрме туралы бірқатар мақала басты. Солардың бірі «EXPO 2017 Қазақстанның әлемдік аренаға жасаған тағы бір қадамы» деп аталады. Журналист өз еңбегінде еліміз ЭКСПО-ны өткізу арқылы баламалы қуат өндіруде жаңа деңгейге көтеріледі деген.

 

 

Англия, Daily Mail: Астана көрмені өткізуге дайын

Англияда шығатын бұл басылым еліміздің «Астана «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіне өте жақсы дайындалғанымызды атап өткен. Жүзден астам ел қатысатын бұл шараға аудармашылар да сақадай сай дайын тұр.

 

 

Америка, CNN: Пост-кеңестік қаладан ғажайып Астанаға дейін

CNN International елордамызға «болашақтың ғажайыбы» деп баға берді. Сондай-ақ Астананың көркем ғимараттарымен қоса әр нысанның анықтамасын да көрсетіп өткен. 

 

Қытай-Ресей: russian.china.org.cn: Қытайлық кәсіпорындарға мүмкіндік ашылды

«ЭКСПО-2017» қытайлық үздік кәсіпорындарын таныстыруға мүмкіндік береді. Қытайда баламалы қуат көзін дамыту Батыс елдеріне қарағанда кеш қолға алынғанымен, соңғы уақыттары энергетикалық технология саласында Еуропа мен Америкаға жетіп қалды.

Осылайша көрмеге қатысып жатқан 100-ден астам елдің баспасөз құралының «Астана ЭКСПО-2017» туралы жазғанын мысал ретінде келтіре беруге болады. Себебі осы уақытқа дейін біздің назарымызға іліккен мақала, сюжеттің саны мыңнан асады. Сыннан гөрі салмақты сараптама басым.

«Болашақтың энергиясы» тақырыбы көпшіліктің көкейінде жүргені белгілі болды. Ең бастысы, еліміз сын сағатта жол тауып, бүкіл әлем алдында абыройлы, мәртебелі іс атқарды. Бұл – сан ғасырдан бері Ұлы даланы мекендеген қазақ елінің тарихқа тастай таңбаланып қалатын ұлы ісінің бірі болды.

634 рет қаралды

Пікір жазу