20Қараша2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

САЛТАНАТ БАЙҚОШҚАРОВА: ЭКО КВОТАСЫН АРТТЫРУ КЕРЕК

Жұма, 10 Қараша 2017 10:15

 

Қазақстанда жылына кемінде 1 рет экстракорпоральды ұрықтандырудан өтуге мүмкіндік жасау қажет. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының 9-шы халықаралық конгресі аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Қазақстанда мемлекет қаражаты есебінен экстракорпоральды ұрықтандыру алғаш рет 2010 жылы қолға алынып, бірінші 100 квота бөлінген. Содан бері жыл сайын оның көлемі артып келе жатыр. Ағымдағы жылы бюджеттен 900 циклге (экстракорпоральды ұрықтандыруға) қаржы қарастырылып, ол облыстарға және Астана мен Алматы қалаларына бөлінген. «Бірақ бұл да жеткіліксіз. Өйткені қажеттілік 10 есе көп болуы мүмкін. Бағасының қымбаттығын, ана ағзасының арнайы жағдайға бейімделуі керектігін және жоғары технологияларды ескерер болсақ, бұл оңай емес. Квота мемлекеттік және жеке клиникаларға беріледі», - деді ол.

Байқошқарованың дерегіне қарағанда, елімізде экстракорпоральды ұрықтандырумен айналысатын 20 орталық тіркелген. Алайда олардың тек 70-80 пайызы ғана белсенді түрде жұмыс істейді. Сонымен қатар ол тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квота көлемін арттыру және қажет деп есептейтіндігін баса айтты. «Келешекте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу квота алу мүмкіншілігін кеңейтуге жәрдемдесетін болады.

Мәселен, Ресейде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында адамдар экстракорпоральды ұрықтандырудан жылына екі рет өту мүмкіндігін алып отыр. Меніңше, болашақта Қазақстанда да жылына тым болмағанда бір рет тегін квота алу мүмкіншілігі жасалатын болады»,- деді «Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры.

143 рет қаралды

Пікір жазу