"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ХАНЧЖОУДА G20 КОММЮНИКЕСІ ҚАБЫЛДАНДЫ

Сейсенбі, 06 Қыркүйек 2016 05:50

 

Қытайдың Ханчжоу қаласында G20 саммиті аяқталып, оның қорытындысында коммюнике қабылданды.

«Ханчжоудағы G20 саммиті табысты аяқталды. Соңғы екі күн бойы жаһандық басқару саясатын күшейту, сауда мен қаржыны дамыту (...) бойынша пікірталас жүргізілді. Саммит қорытындысында коммюнике қабылданды, ол бағыт-бағдар беріп, мақсаттарды белгіледі. Саммит қатысушылары әлемдік экономиканы дамытудың жаңа инновациялық жолдары туралы уағдаласты», - деп мәлімдеді ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қорытынды баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, фискалды және монетарлы саясатқа арқа сүйейтін ескі жолдан гөрі инновациялық жолмен дамуды ынталандыру қажет. Бұл жайт G20 саммитінің қорытынды құжатында көрініс тапқан.  Сонымен қатар қатысушылар әлемдік экономика мен қаржыны басқару жүйесін жақсарту мәселесінде де ымыраға қол жеткізе алған.

«Біз әлемдік шаруашылықтың тұрақтылығын арттыру үшін жаһандық экономика мен қаржыны басқаруды жақсартуға шешім қабылдадық. Халықаралық қаржы институттарындағы дауыстарды бөлу және квоталауды реформалауды ілгерілетуге уағдаластық», - деді ол.

Сонымен қатар ол халықаралық сауда мен инвестиция режімдерін жаңғырту туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін баса айтты.

«Біз халықаралық сауда мен инвестицияны жаңғыртуға, ашық әлемдік экономика құруға шешім қабылдадық. Сауда мен инвестициялық тетіктерді жақсартуға уағдаласып, әлемдік басқаруды үйлестіруге бағыт алдық. Біз еркін сауда режімін қолдаймыз және протекционизмге қарсымыз», - деп атап өтті Си Цзиньпин.

Оның айтуынша, G20 саммитіне қатысушылар шұғыл әрекет ету тетігінен ұзақмерзімді басқару механизміне көшу маңыздылығын атап өткен. «Бұл шаралар халықаралық саудаға кедергілерді жойып, ресурстарды, өндірістік факторлар мен қызметтерді бөлу тиімділігін арттырады», - деді Си Цзиньпин.

Еске салсақ, 1 қыркүйекте Н. Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен G20 саммитіне қатысу үшін Қытайға келді. Бірінші сессияда Мемлекет басшысы жаһандық экономика мәселелерін шешу жолдары туралы өз болжамдарын айтты.

591 рет қаралды

Пікір жазу