"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

АЙДОС САРЫМ ЕҢ ЫҚПАЛДЫ САЯСИ ЭКСПЕРТТЕР РЕЙТІНГІНДЕ КӨШ БАСТАДЫ

Сейсенбі, 23 Мамыр 2017 05:44

 

«Апта» сараптамалық орталығы ақпарат құралдары арқылы баспасөз беттерінде әлеуметтік желілерде жиі сараптамалық ойларымен бөлісіп, қоғамдық пікірдің қалыптасуына атсалысып жүрген мамандардың рейтингін жасады. «Бүгінде елде болып жатқан оқиғаларға сарабдал пікірін білдіріп отыратын өз саласына жетік кәсіби сарапшылардың қоғамдық пікір қалыптастырудағы ықпалы кейбір басылымдардан басым тұр», - делінген рейтинг сипаттамасында. Арнайы рейтингтің оныншы орны белгілі қаржыгер Айдан Кәрібжановтың еншісінде. Тоғызыншы орын жуырда ғана «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшылығына келген белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлына бұйырды. Ақпарат құралдары арқылы да, әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы да еліміздің даму үдерісі, қоғамдық-саяси жүйелердің жетілуіне қатысты тұщымды пікірлерін тұрақты білдіріп тұратын және бір салмақты саясаттанушымыз Ерлан Сайыров. Тек сараптама-болжам жасап қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға ұйытқы болу арқылы да жаңа бастамалардың жанында жүретін азамат сегізінші орынға тұрақтады. Ұлттық түйткілдер мен жаһандық геостратегиялық мәселелердің мәйегіне жетік сарапшы - Расул Жұмалы. Қоғамдық пікір қалыптастыруда өзіндік қолтаңбасы бар  саясаттанушы жетінші орынға жайғасты. Отандық саясаттану саласындағы салиқалы есімдердің бірі Гүлмира Илеуоваға алтыншы орын тиді. Саяси өзгерістер мен демократиялық құндылықтарға қатысты қарымды пікірлерімен көзге түсіп жүрген Марат Шибұтовқа рейтингтен бесінші орын бұйырды.  Қазақстан экономикасының әлеуеті мен даму барысын жетік білетін жас та болса азулы сарапшы Олжас Құдайбергенов төртінші орынға тұрақтады. Сарапшылардың ішінде елдегі экономикалық ахуалдың бүге-шүгесін жетік білетін санаулылардың бірі - Рақым Ошақбаев. Салада болып жатқан оқиғаларға бейжай қарай алмайтын, тұрақты түрде терең талдауларымен тамсандырып келе жатқан маманға үшінші орын бұйырды. Ал, саясаттану саласында білгірлердің  бірегейі Досым Сәтбаев болса екінші орынды иеленді.   Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым рейтингтің төріне жайғасты. Алашшыл азамат ұлттық мәселеден бастап, қазақтың қамына қатысты қоғамдық дүниелерді  дер кезінде терең қозғап, сараптап беріп, өз пікірін үнемі білдіріп отырады.

636 рет қаралды

Пікір жазу